АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Астанада ұшақ жолаушысын тәртіпке салмақшы болған полицей 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр 21 желтоқсанда "Fly Arystan" компаниясы "Шымкент-Астана" рейсіне полиция жіберуді өтінген. Бортта мас жолаушы тәртіпке бағынбай, шу шығарған. Шымкенттен ұшып келген ұшаққа бірден патрульдік полиция барады. Жолаушыны хаттаманы рәсімдеу үшін арнайы бөлмеге жеткізеді.
Мас жолаушы полиция бөлмесінен шығып кетуге тырысқан. Сол кезде полицейдің біреуі оны тәртіпке саламын деп, тізесімен бүйірінен бірнеше рет тепкен. Соның салдарынан жәбірленушінің үш қабырғасы сынған. Осылайша, тәртіп сақшысы қызметтік міндетін асыра пайдаланып, адамның денсаулығына орташа ауыр зиян келтірді.
Полицей аппеляциялық шағым түсірді. Оның адвокаты үкімді өзгертіп, шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады. Себебі сотталушы полиция органдарында жұмыс істеп жүргенде ескерту алмаған, тәртіптік жазаға да тартылмаған. Жәбірленушімен татуласып, моральдық және материалдық шығынды өтеп берген.
Аппеляциялық инстанция барлық дәлелді ескерді. Бірақ сотталушы құқық қорғау органының қызметкері бола тұрып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық жасаған. Кәсіби антын бұзды. Сондықтан экс-полицейдің өтініші қанағаттандырылған жоқ.