Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы: 20 млн доллардың коммерциялық құжаттарына қол қойылды

Sputnik
АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Астанада Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі өтті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестициялық қызмет, сондай-ақ көлік-логистика және су-энергетика салаларындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Тәжікстан Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 19%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті.
"Біз өзара сауданы одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Тауар айналымын $2 млрд-қа жеткізу жөніндегі алға қойған міндетімізге сәйкес біз Тәжікстан Үкіметімен бірлесіп сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр атап өткендей, бұл бағытта Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады, оның кезекті отырысы осы жылдың сәуір айында сәтті өткен болатын. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған тауар айналымын арттыру бойынша жол картасы қабылданды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов 3 мамырда көптеген кәсіпорындардың өкілдері қатысқан бірлескен бизнес-форум екі елдің бизнес-қауымдастықтарының жақындасуына септігін тигізгенін айтты. Нәтижесінде жалпы құны $20 млн-ды құрайтын бірқатар маңызды коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Премьер-министр Казахстана Алихан Смаилов встретился с президентом Таджикистана Эмомали Рахмоном
"Қазақстан Республикасының Үкіметі Тәжікстан Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін бар күш-жігерін салады. Биыл қазақ-тәжік ынтымақтастығының жоғары қарқыны барлық бағыттар бойынша дамитынына сенімдімін", - деді премьер-министр.
Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон республикалар арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың жоғары әлеуетін атап өтті.
"Біздің қарым-қатынасымызды дамыту үшін қажетті алғышарттар бар. Барлық негізгі бағыттарда өзара тиімді іс-қимылдың бай тәжірибесі жинақталды. Мен бүгін қабылданған Одақтастардың өзара іс-қимылы туралы декларацияның тарихи маңызын ерекше атап өткім келеді. Бұл біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға кең жол ашады", — деді Эмомали Рахмон.
Тәжікстан басшысы екі елдің бизнес-қауымдастықтарын жақындастырудың, екіжақты сауданы арттырудың және өзара мәдени-гуманитарлық іс-қимылды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
"Біз Қазақстанмен ешбір шектеусіз барлық салада ынтымақтасуға дайынбыз", — деді Эмомали Рахмон.