Қазақстан – Тәжікстан бизнес-форумында 2,6 миллиард долларға келісім жасалды

Sputnik
АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Астанада өткен Қазақстан – Тәжікстан бизнес-форумының қорытындысы бойынша сомасы 2,6 миллиард доллардан асатын ынтымақтастық туралы 40 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Тәжікстанның "Ховар" мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Тәжікстан мен Қазақстанның іскер топтары арасында бірлескен кәсіпорындар, өндірістік кооперация және қызмет көрсету саласы нысандарын құру бойынша құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар тараптар қазақстандық тараптың инвестициясымен Тәжікстанның еркін экономикалық аймақтарында (ЕЭА) бірлескен өндірістік кәсіпорындар құруға келісті, тау-кен металлургия өнеркәсібі және өнімдердің тауар алмасуы салаларында ұзақ мерзімді келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ мемлекеттер арасында Қазақстанда сұранысқа ие жеміс-жидек пен көкөніс жеткізілімін арттыруға мүмкіндік беретін көтерме сауда-тарату орталықтарын салу туралы келісімге қол қойылды. Душанбе мен Астана арасындағы әуе рейстерін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.
3 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды Астана әуежайында қарсы алды.
4 мамырда екі ел президенттері жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер өткізеді деп күтілуде.
Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы шамамен 20%-ке өсіп, 1,5 миллиард долларға жуықтады, деп жазылған хабарламада.