АСТАНА, 3 мамыр – Sputnik. Қызылорда қаласының №2 сотында "Выгодный Займ" ЖШС мен "Гарант 24 ломбард" ЖШС басшысы және оның сыбайластарына қатысты үкім шығарылды. 4 адам аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы және оның үш сыбайласы Қызылорда қаласында алты айдың ішінде 1 259 адамды 1 миллиард 561 миллион теңгеге алдаған. Істі қарау кезінде мүліктік залал өндіру туралы талаптан бас тартқан жәбірленушілер де болды. Ал сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіскен жоқ. Бірақ олардың кінәсі нақты құжаттар мен сараптама қорытындысы бойынша дәлелденді. Куәгерлердің жауаптары да назарға алынды.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылса, сыбайластары 7 жылға сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.