АЛМАТЫ, 3 мамыр – Sputnik. Биылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша 6 114 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі өзбек жерінен қоныс аударған – 53,9%. Қазағы үдере көшкен екінші мемлекет Қытай – 19,1%. Ресейден – 12,1%, Түрікменстаннан– 5,6%, ал Моңғолиядан 5,7% қандас көшіп келген.
Келген этникалық қазақтардың басым көпшілігі Алматыда қоныстануды жөн көреді екен – 27,2%. Сосын Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл, Астана, Шымкентке тұрақтайды.
Қоныс аударушылардың 70%-ға жуығы еңбекке жарамды азаматтар. 22,9%-ы зейнеткерлер мен еңбек етуге жасы толмағандар.
Қандастардың 18%-ның білімі жоғары болса, 38,6%-ының орта кәсіби білімі, 37,4%-ының жалпы орта білімі бар. Тек 5,9%-ының арнайы білімі жоқ.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 112,6 мың этникалық қазақ оралды.