Мектеп асханаларында кәсіпкерлерден ақша заңсыз жиналған

Sputnik
АСТАНА, 2 мамыр-Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі тамақтану мәселесіне назар аудару қажеттігін айтып түсіндірді, деп хабарлады сейсенбіде ведомствоның баспасөз қызметі.
Мектеп асханаларын тамақпен қамтитын кәсіпкерлер келісімшарт жасап, сәйкесінше мәзірді MektepMenu жүйесінде жариялау үшін ақша төлеуге мәжбүр.
Мектеп асханасына тамақ жеткізушілер мен бөлшек сауда және тамақтану қауымдастығының өкілдері шағым түсірді.
"Олардың айтуынша, Kundelik ақпараттық жүйесімен біріктірілген mektepmenu порталында мәзірлер мен тағамдардың фотосуретін орналастыру үшін негізсіз ақша төлеп жүр. Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығына сәйкес мектептер тамақтану мәзірін сайтта жариялауы керек", - деп түсіндірді антикор.
2022 жылдың қараша айынан бастап білім басқармасының ұсынысы бойынша азық-түлік жеткізушілер "NetInfoDistribution" компаниясымен шарт жасасып, мәзірді mektepmenu порталында ақылы негізде жариялай бастаған.
Жабдықтаушылар мұндай қызметті төлеу ата-ананың мойнына түсетін қосымша шығын екенін айтты.
MektepMenu-ге қол жеткізу үшін кәсіпкерлер 2,5 млн теңгеден астам ақша төлеген. Осыған ұқсас фактілер 7 өңірде анықталды, дейді антикор.