АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек президентке елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Ақорда.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл қала аумағында 1 миллионнан астам жасыл желек, атап айтқанда, түрлі ағаш көшеттері мен көпжылдық гүлдер отырғызылады.
Сондай-ақ Есіл өзені бойындағы рекреация аймақтарына және саябақтарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасау маңызды екенін, елорданы абаттандыру ісін назарда ұстайтынын айтты.
Еске сала кетейік, президент бүгін "Жасыл Астана" экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысып, елордадағы Желілік саябақта ағаш отырғызды.