АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Алматы әуежайында Қытайдың төрт азаматы ұшақтан түсірілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 26 сәуірде болған. Әуежайдағы желілік полиция бөліміне Air Astana әуекомпаниясының өкілі шағымданған.
"Алматы – Атырау рейсімен ұшпақ болған 28, 32, 38 және 42 жастағы Қытай азаматтары масаң күйде болған. Арызданушының айтуынша, рейске тіркелу кезінде олар өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтып, ортақ пайдаланылатын орынды ластады", - делінген хабарламада.
Медициналық куәландыру олардан алкогольдік масаңдықтың "орташа" дәрежесін анықтады.
Шетел азаматтарына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігі ("алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әрқайсысыны 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.