Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясының сыйлығы мен ордені пайда болады

Sputnik
АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығы мен орденін бекітуді ұсынды.
"Біздің жерімізде үндестік пен келісімді нығайтуға нақты істерімен үлес қосып жүрген азаматтарды барынша ынталандыру қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығын бекітуді ұсынамын", - деп мәлімдеді президент.
Біріншісі – әдебиет пен журналистика саласындағы үздік еңбек үшін.
Екіншісі – мәдениет пен өнер саласындағы үздік туындылар үшін.
"Бұл сыйлықтарды жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдар да алуы керек. Ақшалай сыйақының мөлшері мемлекеттік сыйлықтан кем болмауға тиіс", - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев жаңа мемлекеттік награда – Қазақстан халқы Ассамблеясының "Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін" орденін бекітуді ұсынды.
"Алғашқы лауреаттарға бұл марапаттарды биыл қазан айында Республика күніне орай табыстауға болады", - президент.
Ол еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға азаматтарымыздың қосқан үлесін мемлекеттік деңгейде мойындау жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қуатты серпін беретініне сенетінін айтты.
Қоғам
Қазақ тілін білу азаматтың қаншалықты патриот екенін көрсетеді – Тоқаев