АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың пайдасы туралы айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның бұл елмен сауда ынтымақтастығының келешегі зор.
"Біз Ауғанстанмен ынтымақтасып, сауда жасаймыз. Сауда көлемі 1 миллиард долларға жетті. Мысалы, бұл Әзербайжан және Түрікменстан елдерімен жасалған саудадан көп. Сондықтан саясат – саясат, ал экономика – экономика. Біз бұл сауда ынтымақтастықты дамытамыз", - деді Жұманғарин.
"Біз бидай, ұн, күнбағыс майын жеткізе аламыз. Мұндай мүмкіндіктен не үшін бас тартуымыз керек? Бұл біздің мемлекетімізге пайда әкеледі", - деп жалғастырды ол.
Министрдің айтуынша, қазір қазақстандық кәсіпкерлер нарықты зерттеп, ауған кәсіпкерлерімен танысып жатыр.
"Олар Қазақстанды, біздің мүмкіндіктерімізді көру үшін жергілікті кәсіпкерлермен танысып жатыр. Соңғы жолы біз ол жаққа азық-түлік өнімдерін өндірушілерді ғана емес, жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Себебі Ауғанстанның жер қойнауы өте бай ел. Олар өте қызығушылық танытты", - деді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ вице-премьердің айтуынша, Қазақстанға ауған кәсіпкерлерін шақырып, бизнес-форум өткізу жоспарланып жатыр.
Ол тәлібтердің жерінде Қазақстанның сауда үйін ашылып, өкіл тағайындалғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астанада тәлібтердің* елшілеріне аккредитация беретінін айтқан болатын.
*Лаңкестік әрекеті үшін БҰҰ санкциясына ұшыраған қозғалыс