ТАЛДЫҚОРҒАН, 24 сәуір - Sputnik. Жетісу облысында 4 жасар бүлдіршінді көлік қағып кетті. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кетті. Онда қатты жылдамдықпен жүрген автокөлік жолдан өтіп бара жатқан баланы қалай қағып кеткені көрінеді.
Жол апаты 23 сәуір күні кешке Сарқан қаласының көшелерінің бірінде болған. Аймақ полициясы ақпаратты растады.
"Сарқан ауданының полицейлері іс жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар жасалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды", - деп хабарлады ведомство.
Полиция кәмелетке толмағандарға көлік тізгінін бермеу керектігін ескертеді.