АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Шымкент қаласының әуежайында тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі. Құтқарушылар апатқа ұшыраған әуе кемесіндегі өртті сөндіруге үйренеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығулар 25 сәуірде сағат 11:00-де басталады. Негізгі мақсат - жеке құрамның әуе кемелеріндегі өртті сөндіру бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдіру. Ол үшін құтқарушылар шартты түрде апатқа ұшыраған әуе кемесінің қуатты қондырғысындағы өртті сөндіріп көреді.
Ертеңгі сценарий бойынша SCAT әуе компаниясының "Алматы-Шымкент" бағытындағы АН-24 ұшағы Шымкент әуежайына апаттық жағдайда қонады. Сол кезде шасси істен шығып, қозғалтқыш пен оң жақ жанармай багы бұзылып, жанармай төгіледі. Бұдан өрт шығады. Дабыл соғылып, апаттық-құтқару командасы шақырылады. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі де келеді.
Барлығы өрт сөндіріп, әуе кемесінен 48 жолаушы және 4 экипаж мүшесі құтқарады.
Жаттығулар кезінде әуежайдың өрт сөндіру-құтқару есептері перрон арқылы жүріп өтеді. Әуежай штаттық режимде істей береді. Оқу-жаттығулар барысында кіріп-шығу жағынан біршама шектеу қойылады. Дегенмен, әуежай жұмысына кедергі болмайды.