Алматыда Грузияның 24 азаматы ұсталды – видео

Sputnik
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Алматы қаласында интернет-алаяқтардың байланыс орталығы анықталды. Ол жерде Грузия азаматтары заңсыз табыс тапқан. Бұл туралы криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бірнеше айда әртүрлі инвестициялар мен инвестицияларды тарту арқылы жасалған алаяқтықтардың саны артты. Бұдан бөлек, банк қызметкерлері және құқық қорғау органдарының атынан халықты алдайтын алаяқтар аз емес. Биыл үш айдың ішінде ғана 400-ден астам қылмыс тіркелді.
"Мысалға, Алматы қаласында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында интернет-алаяқтардың колл-орталығын анықтады. Жүргізілген операция барысында Грузия Республикасының 24 азаматынан тұратын топ ұсталды", - деді Сүйінбай бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, алаяқтарға сеніп қалған адамдар код пен парольді айтып қана қоймай, кредитке ақша алады. Ал кейбіреулер пәтер мен көлігін сатып, барлық ақшаны алаяқтарға жібере салған.
Қазіргі кезде барлық өңірде интернет-алаяқтықты тергеу бойынша мамандандырылған топтар жұмыс істейді. Ал Астанада "Киберпол" пилоттық жобасы іске қосылды.
Айта кетері, биыл үш айдың ішінде қазақстандықтар 3 миллиард теңгеге алданды.