АЛМАТЫ, 23 сәуір - Sputnik. Жетісу облысы Жаркент маңында Volvo маркалы көлігінің жүк тиелген тіркемесі жанып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 23 сәуірде сағат 08:00 шамасында болды.
"Тіркеменің арт жағынан түтін шыға бастады да, лезде өрт лап ете қалды. Тез-тез тауарды аман алып қалуға тырыстық. Сөйтсек өрт шаш алатын құрылғыдан шығыпты. Жап-жаңа, қорапшада тұрған шаш алғыш өз-өзінен істеп тұр, қызып кеткен. Өртке сол себеп болды", - дейді көлік жүргізушісі.
Жаркент маңында жүк көлігінің тіркемесі жанып кетті
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жүргізуші тіркемеден көлікті ажыратып үлгерген. Ал тауарды аман алып қалу мүмкін болмады. Жүк тасушылардың айтуынша, шамамен 10 миллион теңгенің тауары күлге айналған.
"Оқиға орнына Шонжы ауылының № 6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері дереу жіберілді. Өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі қашықтық 50 километр. 25 шаршы метр аумақта кеңсе тауарлары бар көлік тіркемесі жанған. Төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкерінің күшімен өрт сағат 11-04-те сөндірілді", - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.