АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Текелі қаласында мектеп оқушыларына жыныстық қатынастың түрлері туралы мағлұмат жазылған брошюралар таратылған. Жетісу облысының білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ашулы ата-аналар әлеуметтік желіде балаларға таратылған материалдардың фотосын жариялады. Кітапшада жыныстық қатынастың түрлері туралы толық ақпарат берілген.
Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметінше, Текелінің №8 мектебінде құқықтық апта аясында 7-9 сынып оқушылары кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының хатшысымен және қалалық аурухананың психологымен кездескен. Мамандар жасөспірімдермен әңгімелесіп, "Буллинг" және "Кибербуллинг" туралы бейнероликтер көрсеткен.
"Қалалық аурухананың дәрігер-психологы ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді тарату кезінде қателесіп басқа жастағы пациенттерге арналған брошюраларды таратып жіберген", - деп түсіндірді басқармадағылар.
Осы жәйттен кейін қалалық аурухана әкімшілігі мектеп басшылығымен бірге ата-аналармен кездесіп, олардан кешірім сұрады.
Қалалық білім бөлімі жіберілген ағаттық үшін мектеп әкімшілігімен түсіндіру жұмысын жүргізеді. Білім басқармасы қызметтік тексеріс бастады.
Сондай-ақ жуырда мектеп оқушыларымен жұмыс барысында мұндай жағдайларға жол бермеу және жұмыстың белгілі бір форматын әзірлеу мәселесі бойынша "Дөңгелек үстел" ұйымдастырылады.