АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстаннан пана сұрап келген шетелдіктердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, әлемдегі геосаяси мәселелерге байланысты босқындар мәселесі күннен күнге ушығып келеді.
"Былтыр осы бағыттағы өкілеттілік ішкі істер министрлігінен бізге, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілген болатын. Осы орайда айта кетер жәйт, Қазақстан 1998 жылы босқындар мәртебесі туралы дүниежүзілік конвенцияға қосылды. Оған сәйкес, заңды түрде келген босқындарға Қазақстан азаматтарына жасалатын жағдайды оларға да жасау қажет", - деді Испанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ресми мәліметке сәйкес, казіргі кезде Қазақстанда 291 босқын тіркелген. Олар;
Ауғанстан – 270 адам;
Қытай Халық Республикасы – 7 адам;
Сирия – 5 адам;
Басқа елдерден – 9 адам.
Сондай-ақ пана іздеген 862 адам тіркелген. Соның ішінде Украинадан – 588 адам, Ауғанстаннан – 226 адам, Ресей Федерациясынан – 22 адам және басқа елдің 26 азаматы бар.