Қоғам

Тоқаев кредитке жан бағып отырғандар жайлы: салдары өте ауыр болуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық банктерді несиені бизнеске көбірек беруге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқанын атап өтті.
"Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз", - деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады.

"Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал", - деді ол.

Айтуынша, несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады.
"Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады", - деді Тоқаев.
Осыған байланысты президент отандық банктерді бизнес пен инвестицияға қолайлы жағдай жасауға тарту өте маңызды екенін атап өтті.
"Банк секторының ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды несиелеу бойынша мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Мен Экономиканы несиелеуді кеңейту шаралары туралы жарлық аясында тиісті тапсырма бердім", - деді ол.
Президент: Маңғыстауда жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді, бұл - дұрыс емес