АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерден қаңғыбас иттерге қатысты шара қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы қаңғыбас иттер мәселесін көтерді.
"Бәлкім бұл президент деңгейіндегі мәселе емес шығар. Бірақ маған айтуға тура келіп тұр. Маған үнемі барлық облыстан тұрғындар хат жазып, қаңғыбас иттерге шағымданады. Өйткені билік өкілдері қолданыстағы заңды желеу етіп, ешқандай шара қабылдамай отыр. Бірақ біз осы жолмен жүре берсек, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін", - деді Тоқаев.
Ол жануарларға қамқорлықпен қарау керек екенін, алайда олардың адамдарға, әсіресе балаларға қатысты агрессиясына жол беруге болмайтынын атап өтті.
"Десе де қаңғыбас иттердің құрбаны болған адамдардың саны артып барады. Бұған тосқауыл қою қажет. Баршаңыздан щара қабылдауды сұраймын", - деді президент.