АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Павлодар облысында 16 сәуірде жоғалып кеткен әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлады Polisia.kz.
"Тұрсын" шаруа қожалығының маңында хабар-ошарсыз кеткен Екібастұз қаласының 34 жастағы тұрғынының денесі қардан табылды. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 16 сәуірінде Бесқауға ауылының тұрғындары ВАЗ-2104 автокөлігімен дала алқабына жоғалып кеткен ірі қара малды іздеуге шыққан. Сағат 19.00 шамасында ер адам көлікке оралып, әйелін күткен. Әйелі оралмаған соң, ер адам полициядан көмек сұраған.