АЛМАТЫ, 19 сәуір – Sputnik. Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтты, деп хабарлады Ақорда.
Президенттің айтуынша, реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, деді ол.
"Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді", - деді Тоқаев.
Өткен жылы экономика небәрі 3,2%-ға өсті, ал биыл 3 айда-4,9%- ға өсті. Қосымша өсу көздерін іздеу керек, деді президент. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдаудың барынша қолға алу керек.
"Олардың ісін елге танытып, кәсібін мемлекеттік деңгейге шығарған абзал. Сонымен қатар оларды бюрократтар мен күштік құрылымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау қажет. Мен өзім де осындай кәсіпкерлерді ара-тұра қабылдап, қолдау көрсетіп жүрмін. Ірі және орта бизнес саласында жүйелі жұмыс жүргізу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз", - деді ол.