Денсаулық

Павлодарлық дәрігерлер денесі күйген науқастың терісін ауыстырды

Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Павлодарда өрттен денесін күйік шалған ер адамға жасанды тері транслантациясы жасалды, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Пәтердегі өрттен Павлодар тұрғынының арқасы мен аяғы күйген.
"Үйде сымдардың қысқа тұйықталуынан өрт шыққан. Мен ұйықтап жатқан едім. Түтіннің иісінен есімнен танып, тұра алмадым. Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, мені өрттен аман алып қалды. Ал дәрігерлер күйген терімді ауыстырып, маған екінші өмір сыйлады", - дейді 50 жастағы пациент.
Ер адамды екі ай бойы хирургиясыз емдеген, ал таяуда Астана Биотехнология ҒЗИ-дан жасанды тері жеткізіліп, оған бірегей операция жасалды.
"Пациентте теріні алуға болатын донорлық учаскелер жетіспеді, өйткені аяғы тізесіне дейін ампутацияланған. 10 жыл бұрын ол қатты аязда аяғын үсітіп алыпты", - деді Павлодар қалалық №1 ауруханасы камбустиология бөлімінің меңгерушісі Марат Қанжығалин.
Айта кетері, Павлодарда бір жарым жылдың ішінде тері трансплантациясы бойынша 6 операция жасалды. Олар қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер санатына жатады.
Мамандандырылған медициналық көмектің бұл түрі МӘМС жүйесіндегі барлық сақтандырылған қазақстандыққа қолжетімді. Яғни сақтандырылған тұрғындар үшін бұл операция МӘМС қоры есебінен тегін жасалады.