Дерекқор

Ханның серігі, дала данышпаны Жиренше шешен туралы қызықты деректер

Түркі халықтарына ортақ ойшыл, дала данышпаны Жиренше шешен туралы аңыз-әңгіме көп. Бір жерде оны Жәнібек ханның уәзірі болды десе, тағы бір әпсаналарда қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеткізген шешен ретінде суреттейді
Sputnik

Ханның серігі

Жиренше шешеннің туған жылы туралы нақты мәлімет жоқ. Аңыз-әңгімелерге сәйкес, ол әз Жәнібек ханның тұсында (XIV-XV) өмір сүрген. Бірақ тарихи шығармаларда ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді.
Бір аңызда аң аулап жүрген Жәнібек жігіт кезінде 7-8 жасар шамасындағы аққұбаша жетім баланы кездестіреді. Оны үйіне әкеліп, жуындырып өзіне серік етіп алады. Аққұбаша бала өсе келе, сол Әз Жәнібек ханның би-шешені болып кетеді. Халық аузында да, тарихи шежірелерде де екеуінің есімі қатар аталып отырады. Дегенмен, Жиренше шешен туралы әңгімелерді үш топқа бөледі.
1.
Жәнібек ханның уәзірі, ақылшысы және досы. Ол жерде Жиренше шешен Қазақ хандығын құруға белсене атсалысады.
2.
әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл-парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді.
3.
Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері.

Түркі тілдес халықтардың шешені

Халық аңыздары бойынша Жиренше шешен кедей адам болған. Оның әйелі Қарашаш та ақылды әрі тапқыр жан ретінде суреттеледі. Ел жадында Жиреншеге қатысты аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Соның басым бөлігі 15-16 ғасырлардан басталатын халық шығармасына немесе әлденеше адамның, бірнеше буынның өзгертуінен өткен ортақ мұраға айналып кеткен.
Басқа түркі тілдес халықтар фольклорында да Жиренше шешен туралы ертегілер мен аңыз-әңгімелер бар. Мысалы, қарақалпақта Жиренше шешен, қырғыздарда Жээренче чээчэн, түрікменде ақылды да тапқыр Ийкренче туралы аңыздар кездеседі. Жиренше шешен халық ауыз әдебиетінде Алдар Көсе, Қожанасыр тәрізді аңызға айналып кеткен фольклорлық бейне болып саналады.

Жиренше шешен туралы аңыз

Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.
- Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?
- Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.
- Інгенді тұсап қойсаң етті?
- Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.
Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты.
- Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес. Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап "Жиренше бала" деп атап кетіпті. Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, - дейді ел аңызы.

Қызылым қарттың іздегені

Бір жолы қырғыз Қызылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып:
- Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған кұлағдар болыңызшы, - дейді.
- Жарайды, - дейді Жиренше шешен. Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз. Он бес жас құйын қуған желменен тең, Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең, Отыз бес ағып жатқан селменен тең, Қырық бес аю аспас белменен тең, Жетпіс бесте көңілің жерменен тең. Сексенде селкілдеген шал боларсың, Тоқсанда толық миың орта түсер. Жүз жаста дүниеден күдерінді үз, Өлмесең де өліден кем боларсың, - дейді.
- Әттегені-ай. Әзім жиырма бестегі жігіттей едім, көңілімнің жердей болғанын қарашы, бекер-ақ сұраған екенмін, - деп сонда Қызылым қарт жантая кеткен екен.

Қаздың етін қалай бөлеміз

Бір күні Жиренше ханның үйінде отырғанда бір адам ханға сыйға бір піскен қаздың етін алып келген екен. Сонда хан Жиреншеге:
— Сен сөзге де шеберсің және әр нәрсенің бәріне де шебер шығарсың, мына қаздың етін мен, ханым, екі ханзада, екі қаныкей, өзіңмен жеті адамға бірдей қылып бөлші, - депті.
Сонда Жиренше ойланбай, пышағын қынынан суырып алып, әуелі қаздың басын кесіп алып:
— Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз, бұл басты сіз тұрғанда кім жейді? - деп басты ханға беріпті.
Екі аяғын кесіп алып, екі ханзадаға: "Сіздер атаңыздың ізін басып, хан боларсыздар", - деп екі ханзадаға береді.
Екі қанатын кесіп алып: "Сіздер жатжұртқа барсаңыздар, осы екі қанатпен ұшып барарсыздар", - деп, екі қанатын екі қаныкейге береді.
Ал бәйбішеге: "Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз, бұл — қаздың жаясы. Бұл жаяны сіз тұрғанда, кім жейді? " - деп, ханымға береді.
— Мен бас жейтін хан емеспін, жая жейтін ханым емеспін, аяқ жейтін ханзада емеспін, қанат алатын қаныкей емеспін, маған қаздың ортасы да жарайды, — деп қаздың бар етін алып, үйіне жүріп кетіпті.