ТМД елдеріндегі жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытуды қолдаймыз – Әшімбаев

Sputnik
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түсу керек. Бұл туралы Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 55-ші пленарлық отырысы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
"Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз", – деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шет елдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады.
"Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады", – деп толықтырды сенат төрағасы.
Осыған орай Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА-ның қамқорлығымен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқытуды күшейтуге арналған тәжірибелік қадамдарды айқындау қажеттігін айтып, оған ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып конференция өткізуді ұсынды.
Ол сондай-ақ Ассамблея аясында өңір елдерінің шығармашылық пен ғылымда жүрген зиялыларының қатысуымен форум өткізу бастамасын көтерді. Мұндай тәсіл елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтауға және дамытуға ықпал етері сөзсіз.
Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде төтенше жағдайлардың бірлесіп алдын алу мәселесі де сөз болды. Оның ішінде сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу, дәлірек болжау және тәуекелін азайту үшін ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.
"ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сол себепті біздің елдеріміздің бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Бүгінде сейсмологиялық, геофизикалық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыруда және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады", – деді Мәулен Әшімбаев.
ТМД елдерінің парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады. Отырыс кезінде айтылғандай, модельдік заңдарда қамтылған құқықтық нормаларды депутаттар заң шығаруда қолданады. Өзара тәжірибе алмасудың бұл форматы жалпы мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобаларының сапасын арттыруға және заңнамалық органдар жанындағы ғылыми-зерттеу құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріледі.
Сондай-ақ сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық кезеңін қорытындылап, 2023 жылы ТМД-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасын құттықтады.
Оқи отырыңыз: ChatGPT-да қазақ тілін қолдану аясы кеңейеді
Вашингтонда 5-сынып оқушысы қазақ тілін үйретудің тың тәсілін ойлап тапты