АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Железин ауданы тұрғындарымен кездесуінде ақсақалдарға мемлекеттік тілде оқытуды насихаттауға шақырды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысының айтуынша, аудандағы мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 15 пайызға да жетпейді.
"Біз ауылдарды аралап жүргенде мектептерге, шағын орталықтарға барамыз. Кеше Веселая роща ауылына барғанда 157 оқушыдан 20 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқиды екен. Ал ауданның халық санына қарасаң, толықтай басқа ұлттар тұрады деп айта алмайсың. Көбіне өзіміздің қарагөздер тұрады", – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі бұған насихаттау жұмысының жоқтығы себеп болып отырғанын айтты. Сондай-ақ Асайын Байханов көп жағдай ата-аналарға байланысты екенін атап өтті.
"Сондықтан ақсақалдардан мемлекеттік тілді насихаттауды сұраймыз. Бұл жерде мемлекет тарапынан мәжбүрлеуге ешқандай жол берілмеуі керек. Тек әдептілікпен, әдемілікпен насихатталуға тиіс. Сондықтан бірге жұмыла жұмыс істейік. Сіздер де көмектесіңіздер", – деді Асайын Байханов.
Осы кездесуде аудандағы Моисеевка мектебі бірнеше жылдан бері апаттық жағдайда тұрғандықтан бұнда 100 орындық мектеп салынатыны айтылды. Оған қоса, Мыңкөл ауылында медициналық пункт бой көтереді.