Өскемендегі түрмеде оқ атылды – оқиғаның мән-жайы

Sputnik
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Өскемен қаласына жақын жердегі №16 түзеу мекемесінде үш сотталушы бақылаушыларға күш қолданды. Мұнарада тұрған қарауылға оқ атуға тура келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай 14 сәуірде болған. Түнгі сағат 00:21-де белгісіз біреу түрмеге қарай тыйым салынған затты лақтырған. Түйіншек тура бақылаушылар жүретін жолға түскен. Үш сотталушы оны алуға жүгірген. Оларды бақылаушылар көріп қалып, артынан қуған. Сол кезде сотталушылар қарсылық көрсеткен.
Қарауылда тұрған ұлттық ұланның сарбазы мекеме қызметкерлерінің өміріне қауіп төніп тұрғанын көріп, алдымен "Тоқта! Артқа қайт! Тоқта! Атамын!" деп айқайлаған. Одан кейін автоматпен аспанға бір рет оқ атқан.
"Бақылаушылардың біреуі түйіншекті негізгі қоршауға қарай лақтырып үлгерді. Ал бір сотталушы соған қарай жүгіріп, түйіншекті алып кетуге тырысты. Қарауылшы оның негізгі бақылау жолағына кіргенін көріп, тағы айқайлап, ескерту ретінде оқ атты", - делінген ресми хабарламада.
Сотталушы тағы оқ атылса, өзіне тиетінін түсініп, артқа қарай қашты. Оны дабылмен көтерілген бақылаушылар тобы ұстап алды. Ал оның екі серіктесі тұрғын аймақта жасырынуға тырысты. Бірақ бақылаушы топ оларды да ұстады. Қазіргі кезде осы оқиға бойынша тергеу басталды.
Түрмеде жатып, 25 млн теңге ұрлаған: Алматы облысында интернет-алаяқтық анықталды