АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласында бір жарым жасар бала ашық тұрған құдыққа құлап, ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Құдықта өрт сөндіруге арналған гидрант орналасқан.
"Бала үш метр тереңдігі бар құдыққа құлады. Оны ауруханаға жеткізіп, бірнеше ота жасаған. Бірақ сәби сол жерде қайтыс болды", - делінген ресми хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, бала 9 сәуірде ауруханаға түскен. Оны бірден жан сақтау бөліміне жатқызды. Себебі жағдайы өте ауыр болды.
"Сәби комаға түсті. Ми жарақатын алды, қабырғасы мен бұғанасы сынды. Бұдан бөлек, екі өкпесі, кеңірдегі мен ірі бронхтарға зақым келді", — дейді дәрігерлер.
Кезекші бригада алғашқы көмек көрсетті. Одан кейін дәрігерлер консилиум өткізіп, ота жасауға шешім қабылдады. Баланың кеңірдегі мен бронхтарына, іш пен өкпеқап қуысына бірнеше операция жасалды. Дәрігерлер барын салды. Бірақ бала 12 сәуірде көз жұмды.