АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова ерікті түрде ақшалай өтемақыға туыс емес донорлардың бүйрегін алуға рұқсат етуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың ақпаратынша, қазіргі таңда орган трансплантациясына мұқтаж 3 805 пациент, соның ішінде 90 бала күту парағында тұр. Науқастардың 91%-і – бүйрек ауыстыру кезегінде. Өкінішке қарай, былтыр 320 адам қайтыс болуына байланысты "күту парағынан" шығып қалған.
"Заңнамада қайтыс болған адамдардың органдарын алуға келісім презумпциясы нақты айқындалмағандықтан, мәйіттік донорлық қазір дамымай жатыр. Тек туысқан донорлардың органдары алынады. Бұл саланың тоқырауының негізгі себебі – қайтыс болған және туыс емес донорлардың органдарының жетіспеушілігі", - дейді Нұрымова вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында.
Ол донорлыққа және орган трансплантациясына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі қажет деп санайды.
"Қазақстан халқына" қоры жұмысын бастаған сәттен бастап оған шетелде орган ауыстыру операциясына көмек көрсету бойынша 261 өтінім түскен. Туыс емес донорлардың органын алу үшін қазақстандықтар шетелдік клиникаларға баруға мәжбүр. Мысалы, Беларусьте жүрек ауыстыру құны 150 мың доллар, бауыр 140 мың доллар, ал бүйрек 50 мың доллар тұрады.
"Иран мен Пәкістанда бүйрек сату заңды және реттелген, орташа бағасы 5-6 мың доллар. Орган сату туралы бейресми хабарламаларды Қазақстанда да кездестіруге болады. Онда неге шет елдердің бүйрек сату мен сатып алу тәжірибесін зерттеп, бұл процесті бізде де реттемеске?", - дейді Нұрымова.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заң донор таңдағанда генетикалық, жақын туысқандық байланыстың болғанын көздейді. Алайда көп жағдайда туыстар сәйкес келе бермейді.
"Бөтен адам органын беруге дайын, бірақ бұған заң рұқсат етпейді. Осыған байланысты материалдық өтемақыға ерікті негізде туыс емес донорлардың және қайтыс болған донорлардың бүйрегін беруге рұқсат ету мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз", - деді Нұрымова.
Бұдан бөлек, депутат мемлекеттен донорларға төлем төлеуді ұсынды.