АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Дизель отынының қымбаттауы таяу арада азық-түлік бағасына әсер етпейді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер вице-министрден жанар-жағармай құнының өсуі жеміс-жидек, көкөніс, ет пен сүт өнімдерінің бағасына қалай әсер ететінін сұрады.
"Сарапшылардың бағалауынша, жанармай бағасының 20%-ке өсуі соңғы өнімнің 2-ден 5%-ке дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бірақ, атап өтетін маңызды жәйт, қазір көктемгі жұмыстар үшін жанар-жағармайдың қажетті көлемі – 413 мың тонна қарастырылған. Бұл өткен жылға қарағанда 13 мың тоннаға артық, бағасы бойынша нарықтан 20%-ке төмен. Сол себепті дизель отынының қымбаттауы қысқа мерзімді келешекте бағаларға әсер етпейді", - деді Тасжүреков.
Айта кетері, 12 сәуірден бастап АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 205 теңгеден, дизель отыны литріне 295 теңгеден сатылады.