Екібастұз жылу электр орталығының елу пайызы мемлекет меншігіне өтті

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр алдағы күзгі-қысқы кезеңде Екібастұзда жылумен байланысты проблема болмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның мәліметінше, бүгінде Екібастұз ЖЭО-ның жартысы мемлекетке өткен.
"Мемлекет жекеменшік нысандарды жөндеуге ақша бөле алмайды. Сол себепті ЖЭО нысандары мен жылу желілерін коммуналдық меншікке өткізеді. 50% – біз коммуналдық меншікке алатын жабдық. Ол бюджет қаражаты есебінен жөнделеді. Жылу желілері бойынша да дәл солай. Қалғаны тепе-тең негізде. Осылайша, Екібастұзда келесі маусымда проблема болмайды", - деді Скляр үкімет кулуарында.
Айтуынша, қаланы жылумен жабдықтауды жақсарту үшін 5,3 шақырым жылу желісі жаңадан салынады. Жөндеу жұмыстарына жекеменшік компаниялар да қатысады.
"Коммуналдық меншікке өтетін жабдықтар мен жылу желілерін өз қаражатымыздан қаржыландырамыз. Ал акционерлерге тиесілі жабдыққа олар өздері ақша бөледі. Осылайша біз бірлесіп қаржыландыруды ұлғайтып, жылумен қамту мәселесін шешеміз", - деді Скляр.
Жылу электр орталықтары бойынша жол картасы әзірленеді