АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ойын-сауық кешендерінің бірінде қызды ұрып-соқан жастардың шуы әлі басылмады. Өскемендік ата-аналар президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ата-аналардың шағымы туралы "Немолчи" қоры жариялады. Қазіргі күні қызды ұрып-соққан оқушы мектепте жүр. Ал ата-аналар оны мінез-құлқы девиантты балалар мектебіне ауыстыруды талап етіп жатыр. Сондай-ақ олардың айтуынша, шағым айтқан ата-аналарға мектеп тарапынан қысым көрсетілген.
Айта кетері, ұрып-соққан оқушының анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. Ал әкесі антикорда емес, мемлекеттік мекемеде күзетші екен.
"Қазіргі күні қылмыстық іс қозғалды. Қызды ұрып-соққан оқушының анасы, кадр бөлімінің басшысы қазір денсаулығына байланысты демалыста. Ол кісі ауырып жатқандықтан еш шара қолдана алмаймыз. Жазылып жұмысқа шыққан соң ары қарай жұмыс істей ме, жоқ па шешіледі", - дейді Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова.
Ал соққыға жыққан оқушы Оралхан Бөкей атындағы 44-лицейде 9-шы сыныпта оқиды. Педагогтардың айтуынша, оқушы 9 жылда бір де бір рет тәртіп бұзбаған.
"44-лицей директоры Жаңыл Назарбаеваның айтуынша, оқушы мектеп қабырғасында бұрын-соңды теріс қылық көрсеткен емес. Ешбір ата-анадан бүгінге дейін шағым түспеген. Оқушының тәртібі мектепішілік комиссияда қаралып, есепке алынды. Оны күнделікті ата-анасы күтіп алып, әкетіп жүр. Ал мектептегі жүріс-тұрысы қатаң бақылауда", - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Ал лицей директоры Жаңыл Назарбаева қатаң сөгіс алды. Құқық қорғау органдары тергеу 2-3 айға созылатынын айтады. Сәуле Алагөзова ата-аналардың шағым айтып, қобалжуы орынды дейді.
Еске сала кетейік, оқиға 3 наурызда болған. Өскемендегі ойын-сауық орталықтарының бірінде әжетханада жасөспірімді шешіндіріп тастап, қатарластары аяусыз соққыға жыққан. Олардың бірі төбелесті ұялы телефонға түсіріп тұрған. Оқиға араға 1 ай өткеннен кейін ғана әлеуметтік желі арқылы әшкере болды. Қазіргі күні тергеу жүріп жатыр.