ChatGPT-да қазақ тілін қолдану аясы кеңейеді

Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ChatGPT пен Microsoft сервистерінде қазақ тілін кеңейту мәселесі туралы жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр әлеуметтік желідегі парақшасында Microsoft компаниясының Қазақстанда мультиаймақтық хаб ашатынын мәлімдеді.
"Бүгін бізге қабылданған шешім жөнінде ресми түрде хабарланды. Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын, ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды. Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды", - дейді Мусин.
Осы орайда министр мультиаймақтық хабтың тиімділігін де ерекше атап өтті.
"Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Мусин.
Айта кетері, ChatGPT (ағылшын тілінде Generative Pre-trained Transformer - алдын ала оқытылған генеративті трансформет) – бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот. Чат диалог режимінде жұмыс істейді және сан алуан тілдерде түскен тапсырыстарды орындайды.
2022 жылы 30 қарашада іске қосылған ChatGPT-тың мүмкіндігі кең. Соның ішінде код жазу, мәтін құру, аударма жасау және тағы басқа функциялар бар. Биыл ақпанның басында Reuters ChatGPT-ты қолданатын адамдардың саны 100 миллионға жеткенін хабарлады.