АЛМАТЫ, 9 сәуір – Sputnik. Атырауда санкцияланған митинг өтіп жатыр, деп хабарлады AtyrauPress.
Қала белсенділері мен журналистер мұнайшы стадионының алдына жиналды. Митингтің мақсаты – қаланың экологиялық мәселелеріне назар аударту. Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінің жағалауында бес күн бойы қамыс өртенді. Салдарынан 1200 гектар аумақ жанып кетті.
Митингіге қатысушылардың басым бөлігі жастар болды, бірақ егде жастағы адамдар да аз емес. Олардың қолында "Өкпеге ауа жетпейді", "Тыныс алу мүмкін емес", "Атырау тынысы", "Экология пайдадан қымбат", "АМӨЗ бізді уландырмаңыз", "ҚР Экологиялық Кодексінің 198-бабының орындалуын талап етеміз" деген жазу жазылған плакаттар болды.