АЛМАТЫ, 9 сәуір - Sputnik. Ақтөбе облысының экс-әкімі, "Ақтөбе ӘКК" бұрынғы төрағасы Ермек Имантаевты қамауда ұстау мерзімі ұзарды, деп хабарлайды Diapason.kz Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
Ермек Имантаев мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен 2023 жылғы 10 ақпанда 8 сәуірге дейін 2 ай мерзімге қамауға алынған болатын. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, жер учаскелерін өз бағасынан төмен сатты деген айып тағылды. Салдарынан мемлекетке 199,4 млн теңге залал келтірілген.
"Бұл бап бойынша, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - делінген Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз хабарламасында.
Ермек Имантаев 2002-2004 жылдары Ақтөбе облысының әкімі болды, одан кейін ҚР президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің, ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы мемлекеттік инспекциясының мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.
2010 жылдан бастап Астанада түрлі құрылымдарда еңбек етті. 2019 жылдың қараша айында Ермек Имантаев Ақтөбеге оралды, Ақтөбе ӘКК басшысы болып тағайындалды, онда 2021 жылдың наурызына дейін қызмет атқарған.