Қазақстанда білім беру дипломдарының электронды көшірмесі беріледі

Sputnik
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Мектеп пен колледж дипломдарының электронды нұсқасы енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар азаматтарды автоматты түрде хабарландыру тетігі іске қосылды. Осы уақытқа дейін 300 мыңға жуық әскерге шақырылған азаматқа SMS-хабарламалар жіберілді. Болашақта әскерге шақыру комиссияларының жұмысы да автоматтандырылады.
Бұдан бөлек, қазақстандықтар қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтаманы eGov платформасы мен eGovMobile қосымшасы арқылы 30 минуттың ішінде ала алады. Алдағы уақытта анықтама қосымшадағы цифрлық құжаттар тізіміне қосылады.
"Сондай-ақ, оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму министрлігінің қатысуымен жақын арада техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың электронды көшірмелерін беруді тез арада бастауды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас мәселе Ғылым және жоғары білім министрлігімен де пысықталуда", - делінген ресми хабарламада.
Педагогтарды аттестаттау шаралары да электронды форматқа ауыстырылады. Ал мектептерде оқушыларды жеңілдікпен тамақтандыру кезінде анықтама алудың қажеті болмайды. Бүгінде көпбалалы отбасылар туралы мәліметтерді ведомстволық ақпараттық жүйелермен біріктіру жұмыстары аяқталды.