АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың әкімін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 6,5 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында екі ауысыммен оқитын 90 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектептің жобасы жасалып жатыр.
Әкім қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі, апатты жағдайда тұрған ескі тұрғын үйлерді сүру, тұрғын үй алаптарын дамыту,үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, қалаға газ тарту және тағы басқа мәселелер бойынша есеп берді.
Биыл үш айдың ішінде елордаға құйылған инвестиция көлемі шамамен 200 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық.
Тоқаев Астананы сумен және жылумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын тез арада аяқтау қажеттігін ерекше атап кетті. Сонымен қатар қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.