АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Amanat" партиясының ұсынысымен премьер-министрдің кандидатурасын фракциялардың талқысына салды. Ақорда осы кеңестің видеосын жариялады.
Президент мәжілістегі фракция жетекшілерімен кездесіп, әрбіреуінің премьер-министрдің кандидатурасына қатысты пікірін сұрады. "Amanat", "Ауыл", Respublica мен "Ақжол" Әлихан Смайыловты үкімет басшысы қызметіне тағайындауға келіссе, Қазақстан халық партиясы қалыс қалды.
"Біз қалыс қалуға шешім қабылдадық. Біздіңше, үкімет айтарлықтай батыл шешім қабылдап жатқан жоқ. Әзірше экономиканың әлеуметтік бағытқа бұрылғаны көрінбейді. Сол себепті қалыс қаламыз", - деді фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов.
Ал Жалпы социал-демократтар партиясының фракциясы қарсы болды. Фракция жетекшісі Асхат Рақымжанов та үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясатын алға тартты.
"Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеп келеді. Біз парламенттік оппозиция ретінде "Amanat" партиясының ұсынысына қарсымыз", - деп атап өтті Рақымжанов.
Айта кетері, одан кейін мәжіліс отырысында депутаттар премьер-министрдің кандидатурасына дауыс берді. Сол кезде 82 депутат Смайыловты қайта тағайындауды қолдады. 7 адам қарсы шықты. 8 адам қалыс қалды. Осылайша Әлихан Смайылов қайтадан үкімет басшысы қызметіне тағайындалды.