Маңғыстауда жұмыссыздар аштық жариялады – әкімдік түсініктеме берді

Sputnik
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының жұмыссыз жүрген тұрғындары аштық жариялады. Барлығы мұнай саласына жұмысқа тұрғызуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, 27 наурызда Қарақия ауданында басталған наразылық жалғасып жатыр. Осы жолы жұмыссыз жүрген 50-ге жуық адам көшеге шығып, аштық жариялады. Бұған дейін түсіндіру жұмыстарынан кейін Жетібай кен орнына баратын жол ашылған болатын.
"Жұмыссыздар "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-дан бос жұмыс орындарын бөлу кезінде "70/30", яғни Жетібай кентінің тұрғындарына 70 пайызын, ал қалған ауылдар мен аудандарға бос жұмыс орындарының 30 пайызын беруді талап етіп отыр. Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары да бос жұмыс орындарын бөлуде әділеттілікті талап етуде", - дейді әкімдік мамандары.
Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, барлығын бірдей мұнай саласында жұмысқа тұрғызу мүмкін емес екенін түсіндірген. Бос жұмыс орны бар басқа салаларға да бару керек. Бірақ наразылық білдірушілер мемлекеттік органдардың түсініктемесін қабылдаудан бас тартып отыр.
Жалпы, 29 наурыздан бастап "Е-otinish" порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш түсті. Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.
"Айта кетері, тамақтанудан бас тарту арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді. Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуге тиіс", - делінген ресми хабарламада.
Әкімдік заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін де ескертті.