Өңірлер

Есірткі дайындайтын зертхана ашқан: Жамбыл облысында қылмыстық топ ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, 34 келіден астам "мефедрон" дайындаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Жамбыл облысының прокуратурасы.
Бірлескен операция нәтижесінде аса ірі мөлшерде, яғни 34 келі 123 грамм "мефедрон" синтетикалық есірткі тәркіленді.
Есірткіні 5 адамнан құралған қылмыстық топ Байзақ ауданының аумағында ашқан зертханада дайындаған. Зертхана екі-үш ай бойы жұмыс істеген. Дайын синтетикалық есірткіні олар басқа қалаларға таратуды жоспарлаған.
"Күдіктілер Тараздағы жалдамалы пәтерде іс-әрекеттерін алдын ала жоспарлап, есірткіні дайындауға арналған мекенжайды бейнебақылау арқылы қашықтықтан бақылап отырған. Департамент қызметкерлері қылмыстық топты есірткіні дайындап жатқан жерінен ұстады", - делінген хабарламада.
Қазір қылмыстық топ мүшелері қамауға алынды.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облыстық прокуратурасы аталған синтетикалық есірткі тәуелділік тудыратын әртүрлі химиялық қоспаларды қолдану арқылы дайындалатынын, адам өміріне аса қауіпті екенін ескертті.