АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Мәжілістің жаңа сайланған депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров депутатқа берілетін қызметтік пәтер мен жалақыдан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы ол сегізінші сайланған парламент мәжілісінің кулуарында айтты.
"Мен бірқатар компанияның акционерімін. Заң талаптары аясында оны сенімді басқаруға бердім, бірақ осы компаниялардан дивиденд алып тұрамын. Тиісінше менде қаржылық қиындық туындамайды. Сол себепті депутаттың жалақысына аса қатты үміттеніп отырған жоқпын", - деді Ходжаназаров журналистер сұрағына жауап беріп.
Ол егер қажет болса заң бойынша депутатқа төленетін айлықтан бас тартуға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Ходжаназаров депутаттарға берілетін қызметтік автокөлікке де мұқтаж емес екенін атап өтті.
"Менің өз көлігім, жүргізушім бар. Мен көлікке, жүргізушіге мұқтаж емеспін. Бірақ депутаттық қызметімді жүзеге асыру үшін маған қызметтік көлік қажет болса, мен одан бас тарта алмаймын", - деді партия төрағасы.
Айта кетері, 19 наурыздағы мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша парламентке алты саяси партия өтті. Олардың арасында бизнесмендерден құралған Respublica партиясы да бар.