АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының таза инвестициялық табысы жыл басынан бері 204,4 млрд теңгеден асты, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
2023 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша салымшылардың зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысын қамтитын зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 15,13 трлн теңге болды.
2014 жылдан (барлық зейнетақы активін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісі аяқталған) бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық табыс 7,13 трлн теңгені құрады.
Зейнетақы активтерінің портфелін таңдалған қаржы құралдары, экономика салалары мен валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2 ай ішінде оң инвестициялық кіріс алынды.
"Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізі қаланған кезеңнен (1998 жыл) 2023 жылдың 1 наурызына дейін жинақталған кірістілік бүкіл кезеңдегі инфляция 695,96% болғанда өспелі қорытындымен 740,12% көрсетті", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жарналарының міндетті түрлерінің сақталуына бірегей кепілдік бар.
Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алудың жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық кірісін enpf.kz сайты немесе ұялы қосымшадағы Жеке кабинеттен көре алады.