АЛМАТЫ, 26 наурыз - Sputnik. Алматыдағы ҚР орталық мемлекеттік музейінде "Торттар музейі" көрмесі ашылды. Көрермен назарына ұсынылған ерекше тәттілерді Sputnik Қазақстан тілшісі көріп қайтты.
Ерекше тәттілер ұсынылған көрменің көрерменге берер әсері де ерекше. Ә дегенде келушілер үшін торттың тарихы туралы бейнебаян көрсетіледі. Расымен, екінің бірі дәмін татпай қоймайтын бұл тағамның тарихы да тым әріде жатыр екен. Алғашқы торт 2000 жыл бұрын Италияда пайда болған.
Алматыда "Торттар музейі" көрмесі ашылды
© Ертай Сарбасов
Бірақ одан да бұрын грек жерінде пайда болды деген де пікір бар. Әрине ол кездегі торт қазіргідей емес, қарапайым болған. Тортқа қатысты әр елдің тіпті арнайы салт-дәстүрі де болған.
Ал Алматыдағы торт көрмесінде алматылық дизайнер-кондитерлердің эксклюзивті авторлық торттары ұсынылды.
Алматыда "Торттар музейі" көрмесі ашылды
© Ертай Сарбасов
""Музей торты" жобасы - бұл халықаралық жоба. Қазақстанда мұндай жоба бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл көрме арқылы біз торт әлеміне саяхат жасауды және біздің он саусағынан бал тамған кондитерлеріміздің еңбегін көрсетуді көздедік", - дейді "Торт музейі" көрмесінің маркетинг бөлімінің басшысы Максим Пасечный.
Көрмеге 40 түрлі торт қойылды. Тәтті тағамның әрқайсысы ерекше безендірілген. Қуыршақтар мен сүйкімді аңдар, табиғат пен киіз үй, ертегілер кейіпкерлері мен тіпті киімдер де бейнеленген.
Алматыда "Торттар музейі" көрмесі ашылды
© Ертай Сарбасов
"Торттар топтамасынан басқа жобаның тағы бір ерекшелігі - дәм тату және шеберлік сыныбы болды. Мастикамен мүсіндеу бойынша қызықты мастер-класс өткіздік, сондай-ақ әрбір келушіге өзінің шағын тортын жасауға мүмкіндік бердік. Біздің мақсатымыз - келушілерге бұл еңбектің маңыздылығын көрсету", - дейді Максим Пасечный.
Көрме 16 сәуірге дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше көрме Алматыдан соң астаналық көрерменге жол тартады.