АЛМАТЫ, 24 наурыз – Sputnik. Ақмола облысында 10 күн бұрын жоғалып кеткен әйел табылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қосшы ауылының тұрғыны 10 күн бұрын жоғалып кеткен әйелін тауып беруді өтініп, 20 наурызда полицияға өтініш айтқан. Ер адамның айтуынша, 12 наурызда 34 жастағы әйелі түнгі сағат 23:00 шамасында үйден шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Әйелдің кәмелетке толмаған 3 баласы бар.
Криминалдық полиция қызметкерлері мен басқа да қызметтер тайлы-тұяғы қалмай, әйелді екі күн бойы іздеген. Жоғалған әйелдің таныстары мен көшедегі адамдардан сұрастырылды. Ақыры ауқымды іздеу жарияланған. Көп ұзамай ол 22 наурызда "Лесная поляна" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінен табылды.
"Қазіргі уақытта ювеналды полиция бөлімшесі бұл әйелді кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту немесе күтіп-бағу жөніндегі өз міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана ретінде профилактикалық есепке және бақылауға алды", - деп мәлімдеді ведомство.