АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынатын 24 үйдің жоспарымен танысты. Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бастаманың маңыздылығын атап өтті.
"Ауылда болған табиғи апатқа қарамастан, ауызбіршілік, ынтымақ танытып, үлкен істі қолға алғымыз келеді. Бүгін Наурыз мейрамында жаңа үйлер тігілетін жерлерге қазық қағады. Құрылысты өзім қадағалаймын. Құрылысты екі айдың ішінде аяқтаймыз. Әрқашан осылай бір-бірімізге қолдау көрсетсек, еліміз тұрақты дамиды", - деді аймақ басшысы құрылыс алаңында аудан тұрғындарына.
Жаңа тұрғын үйді биыл маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аумағы 100 шаршы метр типтік үйлердің құрылысына бес мердігер тартылған. Бұл төрт бөлмелі, іші әрленген үйлер болады.
Еске салсақ, Қобда ауылында еріген су 78 үй мен 22 ауланы басып қалған болатын. Ауылда аудан әкімі Болат Құловтың шешімімен жарияланған төтенше жағдай әлі де сақталып отыр.
Бағалау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша 7 үй қалпына келтіруге жатпайды, 4 үйдің қабырғалары қирап, апатты деп танылды, 13 үй әлі су астында.