АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Түркістан облысының Еңбек ауылында 4 жасар қыз Арыс өзеніне ағып кетті, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
17 наурыз күні Түлкібас аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі арызданып, 4 жасар қызы Арыс өзеніне құлап кеткенін айтқан.
Кешкі уақытта үш бүлдіршін туысының үйіне баруға шыққан. Үлкені бес жаста. Полицияның болжамынша, балалар суды кешіп өтпек болған. Осы сәт су 4 жасар бүлдіршінді ағызып әкеткен.
"Қызды іздеуге Түлкібас аудандық полиция бөлімінің толық жеке құрамы мен аудандық прокуратура, ТЖМ-нің қызметкерлері, 30 ерікті жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қызды іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.