Алматыда көпірден құлаған көлікте болған екі жолаушының жағдайы ауыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 21 наурыз - Sputnik. Алматыда көпірден құлап кеткен көліктегі жолаушылардың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар қазір жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. Көліктің ішінде 6 адам отырған. Олардың бәрі де ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, 67 және 62 жастағы 2 әйелдің қазір жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бір жолаушының жарақаты жеңіл болып, үйіне жіберілген.
"Екі науқастың да жарақаты бір-біріне ұқсас.Кеуде қуысының жарақаты. Бірнеше қабырғасы, қол сүйегі, аяқ сүйегі және бұғана сүйегі сынған. Естерін біледі. Қан қысымы қалыпты", – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ермек Желдібаев.
Ал жолдың бір жолағынан екіншісіне шығып, ереже бұзып, апаттық жағдайға себеп болған көлік жүргізушісі 53 жастағы әйел екен. Қазір ол бұлтартпау шарасы бойынша үйінде отыр. Қамауға алынбаған. Полиция департаменті іске қатысты қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады.
Алматыда көлік көпірден ұшып түсті