Түркістан облысында түйе сүтін өңдейтін зауыт ашылды

Sputnik
АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Арыс қаласында ARUANA түйе сүтінің концентратын шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, кәсіпорынның бүкіл облыс үшін маңызы зор.
"Зауыт жаңа жұмыс орындарының ашылуына, Арыс қаласының дамуына ықпал етеді. Біз Арыс қаласына келіп, инвестиция салып жатқан азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз", - деді Гүлжан Құрманбекова.
Кәсіпорынның мәліметінше, зауыт жылына 70 тоннадан астам түйе сүтінің құрғақ қоспасын өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Зауытта 15 адам жұмыс істейді.
Өнім ішкі нарықтан бөлек, жақын және алыс шетелдерге экспортталады. King Milk ЖШС директоры Ербол Әнуарбекұлының айтуынша, жаңа жұмыс орындарының құрылуымен қатар, зауыттың арқасында облыс отандық емдік өнімді шетелге экспорттау мүмкіндігіне ие болып отыр.
"Түйе сүті құрғақ күйінде ағзаға пайдалы, көп ауруға шипа болады", – дейді кәсіпкер.