Дауыс беру кезінде заң бұзылғаны туралы 25 арыз түсті – Бас прокуратура

Sputnik
АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Дауыс беру рәсімі басталғалы бері прокуратура органдарына ықтимал заң бұзушылықтар туралы 25 арыз келіп түсті, оның бесеуі Бас прокуратураға жолданған. Олар тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті прокурорларға жолданды. Бұл туралы "Сайлау-2023" онлайн-марафоны барысында бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Сарғазин Азамат мәлімдеді, деп хабарлады орталық коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, өтініштерде орын алуы ықтимал заң бұзушылықтар, нақтырақ айтқанда, тыйым салынған кезде сайлау алдындағы үгіт жүргізу жөнінде айтылған.
"Сондай-ақ азаматтар бүгін келесі аумақтық прокуратураларға тікелей жүгініп отыр. Атап айтқанда, Астана қаласында - 4, Алматыда - 1, Шымкентте - 3 Шығыс Қазақстан обылсында - 5, Түркістан облысында - 4, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір-бірден. Олардың барлығы қаралып жатыр",- деді бас прокуратура өкілі.
19 наурыз мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Сайлауда 12 миллионнан астам сайлаушы дауыс бере алады. Сайлау учаскелері кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Шетелде жүрген қазақстандықтар үшін де дауыс беру учаскелері ашылған.
Сайлаушылардың 47 пайызға жуығы бюллетень алды