АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. АҚШ атынан бақылаушы, "Wikistrat Global Consultancy" аға ғылыми қызметкері, АҚШ-тың тәуелсіз бақылаушылары миссиясының мүшесі Ричард Уильям Вейтц баспасөз конференциясында Алматыдағы сайлауды бақылау кезінде қандай әсер алғанын айтты, деп хабарлады аймақтық коммуникациялар қызметі.
АҚШ-тан келген бақылаушы таң атқалы Алматыдағы 12 сайлау учаскесінде болған, енді онына баруға ниетті. Ричард Уильм Вейтцпен бірге Қазақстанға тәуелсіз бақылаушылар миссиясынан тағы үш адам келген, олар Астанада жұмыс істеп жатыр.
"Біздің басты мақсатымыз – дауыс беру кезінде болу, сонымен қатар маңызды тағы бір мақсат – Қазақстандағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай контекстінде сайлауды бақылау және бағалау үшін кеңірек контекстті қамтамасыз ету", - деді ол.
Ричард Уильям Вейтцтың пікірінше, Қазақстандағы осы маңызды саяси кезеңде АҚШ-тың болуы Америка-Қазақстан қарым-қатынасының маңыздылығын, Қазақстанның Орталық Азиядағы, кеңірек айтқанда, Солтүстік Атлантикалық қауымдастықтағы өмірлік маңызды рөлін растайды.
"Біз трансұлттық лаңкестікпен күрес, аймақтық қақтығыстарды реттеу, экономикалық ресурстарды игеру, әлеуметтік-экономикалық даму сияқты салаларда ынтымақтасамыз", - деп атап өтті бақылаушы.
Сондай-ақ ол бұл сайлауда халықтың ынта-жігері қызықтырғанын айтты, өйткені сайлауда тәуелсіз кандидаттар, плакаттар мен үгіт-насихат жұмыстары көп.
АҚШ пен Қазақстандағы сайлауды салыстыра отырып, спикер АҚШ-тың сайлау жүйесі Қазақстаннан айтарлықтай ерекшеленетінін айтты. Оның айтуынша, қазақстандық жүйені Германия мен Францияның саяси жүйелерімен салыстыруға болады.
Америкалық бақылаушы Қазақстандағы пікірсайыстарға көбірек ақша бөлуге болар ма еді деген пікір айтты, өйткені АҚШ-та, мысалы, оған миллиондаған доллар жұмсайды, ал Қазақстанда әлдеқайда аз ақша бөлінеді.
"Әзірге ешқандай заң бұзушылықты көрмедім, сайлау тыныш өтуде, дауыс берушілер аз. Маған бүгін жексенбі болғандықтан күндіз және кешке адамдар көп болады деді. Сайлаушылардың басым бөлігі үлкен кісілер болды. Жастар жексенбі күні таңертең ұйықтап, күндіз дауыс бергенді жөн көреді", - деді Ричард Уильям Вейтц.