Қазақстандық 57 оқушы екі халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды

Sputnik
Алматы қаласында математикадан Азия-Тынық мұхиты және "Жібек жолы" халықаралық олимпиадалары аяқталды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
"Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының хабарлауынша, екі бірдей халықаралық білім сайысына Қазақстанның барлық өңірінен 157 оқушы қатысып, 57 жүлдегер анықталды.
"Бұл халықаралық олимпиадалар қашықтықтан ұйымдастырылды. Қатысушы елдердің ұйымдастыру комитеттері тапсырмалардың шарттарын және бағалау критерийлерін халықаралық ұйымдастыру комитетінен алып, өз елдерінде олимпиадаларды бір уақытта дербес өткізді. Бұл формат көптеген оқушылардың халықаралық жарыстарға қатысып, өз білімдерін сынауға мүмкіндік беріп отыр", - дейді "Дарын" РҒПО директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты халықаралық олимпиадасына Аргентина, Австралия, Канада, Гонконг, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Малайзия, АҚШ, Түркия, Мексика секілді 38 ел қатысаса, "Жібек жолы" олимпиадасында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің дарынды оқушылары сынға түсті.