АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы екінші жыл қатарынан World Airport Awards байқауында Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай болып танылды. Марапат Нидерландының Амстердам қаласында өткен Passenger Terminal Expo 2023 халықаралық көрмесінде табысталды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"Біз бұл жоғары бағаны қайта алғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің әуежай Орталық Азиядағы ең көп жұмыс істейтін әуежайлар арасында екінші орында, сонымен қатар посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-ші орында", - деді "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.
Оның айтуынша, елорда әуежайы елдегі ең ірі әуежайлардың бірі, сонымен қатар отандық және бірқатар шетелдік авиакомпаниялар үшін базалық әуежай болып саналады.
Ол сондай-ақ бүгінгі таңда кәсіпорынды дамыту IATA және ICAO халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.
"Елордалық әуе айлағы Астана қаласының қонақтары мен жолаушыларына барынша қолайлы жағдай жасайды. Цифрлық мүмкіндіктерді дамыту арқылы жолаушылар тіркеуден онлайн өтіп, өз рейстерін бақылай алады және пайдаланатын қызметтеріне ақы төлей алады", - деп толықтырды Хамзин.
Аталған марапат 8 ай көлемінде жүргізілген зерттеу кезеңінде әуежай клиенттері толтырған World Airport Survey (әлемдік әуежайды зерттеу) сауалнамаларына негізделген. Сауалнама нәтижесін тәуелсіз сарапшылар шығарады.
Зерттеу барысында әуежайда тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасы, негізгі көрсеткіштердің тиімділігі, тіркеу, тасымалдау, сатып алу, қауіпсіздік және паспорттық бақылау сияқты көрсеткіштер бағаланды.
Айта кетері, World Airport Awards әлемдік әуежай индустриясындағы ең беделді марапат, ол сапа стандарты болып саналады және әлемнің 550-ден астам әуежайында тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын бағалайды.